Израиль мен Иран бір-біріне соққы жасады. Израильде үш адам, Иранда 70-тен астам адам қаза болды

Израиль әуе қорғаныс жүйесі. 14 маусым, 2025 жыл.

14 маусымға қараған түні Израиль мен Иран бір-біріне соққы жасады. Шабуылдың нәтижесінде Израильде үш адам қаза болған. Соңғы екі күнде Иранда Израиль шабуылынан қаза болғандар 78 адамға жетті.

ИРАННЫҢ ҚАРЫМТА СОҚҚЫСЫ

Израильдің әуе соққысына қарымта ретінде Иран әскері жұма күні кешке Израильге жүздеген баллистикалық ракета жіберді.

Иранның рухани көсемі аятолла Хаменеи жұма күнгі мәлімдемесінде Израиль Иранға жасаған шабуылы үшін “қатаң жазасын алады” деп ескертті.

Иран ислам революциясы сақшылар корпусы мәлімдеме жасап, Израильдегі ондаған нысана мен әскери базалар мен орталықтарға ракета жіберілгенін хабарлады.

Ізінше Тель-Авив, Иерусалим, Хайфадан әуеде жарылыс болғаны жөнінде хабар түсті. Ракеталардың бір бөлігін әуе қорғаныс жүйесі атып түсірген. Израиль билігі азаматтарға бомбапаналарға жасырынуға үндеді.

Израиль қорғаныс министрлігіне жасалған ракета соққысы видеоға түсіп қалған. Тель-Авивте тұрғын үйлер қирағаны хабарланды. Жедел жәрдем қызметі 35 адам жарақаттанғанын айтты.

Иран билігінің хабарлауынша, әскердің Израильге қарсы шабуылы үш ракета толқынынан тұрады.

Израиль басылымдарының жазуынша, Иран соққысынан үш адам қаза болған. Ондаған адам жараланған.

Израиль әскері Иранды бейбіт халыққа шабуыл жасады деп айыптады. Израиль қорғаныс министрі Исраил Кац Иран “барлық қызыл сызықты кесті” деп мәлімдеді.

ИЗРАИЛЬ СОҚҚЫСЫ

Сенбіге қараған түні Израиль Иранға тағы да соққы жасады. Жұма күні кешке Израиль әскері Иранның батысындағы "Хамадан" және "Табриз" базаларына соққы жасағанын хабарлады. Соққының нәтижесінде "Табриз" базасы сүрілгені хабарланды.

Батыс және ирандық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Тегеранда Мехрабад әуежайы орналасқан ауданға шабуыл жасалған. Онда жойғыш ұшақтар мен тасымалдаушы ұшақтар базасы бар.

Сенбінің таңында ЦАХАЛ шағын мәлімдеме жариялап, Израиль Ирандағы нысаналарға соққысын жалғастыратынын мәлімдеді. Ал Иранның мемлекеттік ақпарат құралдары Иран әскері израильдік дрондарды Сельмастың солтүстік-батысында атып түсіргенін хабарлады.

СЕНБІ КҮНІ НЕ БОЛДЫ?

14 маусымда күндіз Израиль Иранға қарсы операция ауқымын кеңейтеді деп мәлімдеді Израиль премьер-министрінің кеңесшісі Дмитрий Гендельман. Оның сөзінше, ондаған негізгі нысандарға соққы жасалмақ, арасында баллистикалық ракета қондырғылары, әскери базалар мен стратегиялық инфрақұрылымдар бар.

"Ұзақ жылдардан бергі барлау жұмыстары мен соңғы айлардағы деректер Тегеранның Израильді жоюды жүйелі түрде жүргізіп жатқанын растайды. Біз өз қауіпсіздігіміз бен өмір сүру құқығымыз үшін батыл әрекет етеміз" деп жазды Гендельман телеграмда.

Бұдан кейін Иран ақпарат құралдары елдің солтүстік-батысында жарылыс болғанын жазды. Mehr агенттігінің хабарлауынша, Тебризде қатты жарылыс естілген. Болжам бойынша, Израиль авиациясы ондағы мұнай зауыты мен халықаралық әуежайға жақын жатқан әскери базаға шабуылдаған болуы мүмкін.

Иран әуе қорғаныс жүйесі сонымен бірге Тебриздің оңтүстігіндегі Мераге ауданын атқылаған. Онда ислам революциясы сақшылар корпусының барлау базасы орналасқан.

Тебриздегі мұнай өңдеу зауыты мен әуежай 13 маусымда "Қайратты арыстан" операциясы аясында да шабуылға ұшыраған еді.

Fars агенттігі Иранның батысындағы Хорремабад пен Керманшах қалаларында жарылыс болғанын жазды.

Сенбі күні Иран билігі Израильдің сенбіге қараған түнгі шабуылынан тағы екі жоғары лауазымды тұлға опат болғанын хабарлады.

Мемлекеттік арналардың хабарлауынша, барлау қызметі бастығының орынбасары, генерал Голамреза Мехраби және жедел басқарма бастығының орынбасары, генерал Мехди Раббани қаза болған.

Екі тарап та бір-біріне атысты тоқтатпаса, жағдай күрделенеді деп сес көрсетті.

БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш Иран мен Израильді жағдайды ушықтырмауға шақырды

Израильдің Ирандағы ядролық нысандарды бомбалауы. Иранның Тель-Авивке ракета шабуылы. Жағдайды ушықтырмаңдар. Тоқтатыңдар. Бейбітшілік пен дипломатия үстемдік етуі керек деп жазды X желісінде.

13 маусымға қараған түні Израиль Иранға әуеден шабуыл жасаған. Израиль үкіметі Иранның ядролық бағдарламасы, оған қоса жоғары шенді әскери басшылары мен физик ғалымдары да нысанаға алынғанын мәлімдеген. Израильдің шабуылы нәтижесінде Иран ислам революциясы сақшылар корпусының қолбасшысы, генерал Хосейн Салами және тағы бірнеше жоғары лауазымды әскери тұлға опат болған. Бұған қоса, ядролық бағдарламаға қатысы бар деп айтылатын бірнеше ғалым да опат болған. Ақпаратты Иран жағы да растады.

Израиль ресмилерінің айтуынша, операция Иранның ядролық мүмкіндіктерін де, баллистикалық зымыран қорын пайдалана отырып шабуыл жасау әлеуетін де әлсірету мақсатын көздеген. Израиль Иранның баллистикалық зымырандарын Тегеранның ядролық қаруға ие болу мүмкіндігінен кейінгі екінші ең үлкен қауіп көреді. Ал Иран болса бағдарламасы тек бейбіт мақсатты көздейтінін алға тартқан.

Иран басшылығы шабуылға Израиль ғана емес, өңірдегі АҚШ күштері де жауап беретін болады деп тағы да мәлімдеді. Вашингтон бұл шабуылға қатысы жоғын айтқанымен, Тегеран бәрібір оны айыпты санайды.