Accessibility links

Иран Израильге жүздеген ракета жіберді. Таяу Шығыста жағдай ушығып барады


Тель-Авив, 13 маусым 2025 жыл.
Тель-Авив, 13 маусым 2025 жыл.

Жұма, 13 маусымда кешке Иран Израильге жүздеген баллистикалық ракета жіберді. Ондаған адам жараланып, кемінде бір адам қаза болған. Израиль Иранды бейбіт тұрғындарға шабуыл жасады деп айыптады. БҰҰ бас хатшысы тараптарды жағдайды ушықтырмауға шақырды.

Израильдің әуе соққысына қарымта ретінде Иран әскері жұма күні Израильге жүздеген баллистикалық ракета жіберді.

Иранның рухани көсемі аятолла Хаменеи жұма күнгі мәлімдемесінде Израиль Иранға жасаған шабуылы үшін “қатаң жазасын алады” деді.

Тель-Авив, Иерусалим, Хайфадан әуеде жарылыс болғаны жөнінде хабар түсті. Ракеталардың бір бөлігін әуе қорғаныс жүйесі атып түсірген.

Израиль қорғаныс министрлігіне жасалған ракета соққысы видеоға түсіп қалған. Тель-Авивте тұрғын үйлер қирағаны хабарланды. Жедел жәрдем қызметі 35 адам жарақаттанғанын айтты.

Израиль әскері Иранды бейбіт халыққа шабуыл жасады деп айыптады. Израиль қорғаныс министрі Исраил Кац Иран “барлық қызыл сызықты кесті” деп мәлімдеді.

Кейін Иран телеарнасы мен мемлекеттік ақпарат агенттіктеріне сүйенген батыс ақпарат құралдары Тегеран Израильге қарай тағы ракеталар жібергенін жазды.

Иранның Израильге шабуылы салдарынан бір әйел қаза болған. Әйел адам Тель-Авив маңындағы Рамат-Ган қаласына жасалған ракета соққысы кезінде мерт болған.

БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш Иран мен Израильді жағдайды ушықтырмауға шақырды

Израильдің Ирандағы ядролық нысандарды бомбалауы. Иранның Тель-Авивке ракета шабуылы. Жағдайды ушықтырмаңдар. Тоқтатыңдар. Бейбітшілік пен дипломатия үстемдік етуі керек деп жазды X желісінде.

Жұма күні кешке Израиль әскері Иранның батысындағы "Хамадан" және "Табриз" базаларына соққы жасағанын хабарлады. Соққының нәтижесінде "Табриз" базасы сүрілгені хабарланды. Дегенмен ақпаратты тәуелсіз дереккөздер әзірге растаған жоқ.

13 маусымға қараған түні Израиль Иранға әуеден шабуыл жасаған. Израиль үкіметі Иранның ядролық бағдарламасы, оған қоса жоғары шенді әскери басшылары мен физик ғалымдары да нысанаға алынғанын мәлімдеген. Израильдің шабуылы нәтижесінде Иран ислам революциясы сақшылар корпусының қолбасшысы, генерал Хосейн Салами және тағы бірнеше жоғары лауазымды әскери тұлға опат болған. Бұған қоса, ядролық бағдарламаға қатысы бар деп айтылатын бірнеше ғалым да опат болған. Ақпаратты Иран жағы да растады.

Иранның БҰҰ-дағы елшісі Әмір Сейіт Иравани БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі отырысында Израильдің Иранға соққысынан 78 адам қаза болғанын, 320-дан астам адам жарақаттанғанын, басым бөлігі – бейбіт тұрғындар екенін айтты.

Израиль ресмилерінің айтуынша, операция Иранның ядролық мүмкіндіктерін де, баллистикалық зымыран қорын пайдалана отырып шабуыл жасау әлеуетін де әлсірету мақсатын көздеген. Израиль Иранның баллистикалық зымырандарын Тегеранның ядролық қаруға ие болу мүмкіндігінен кейінгі екінші ең үлкен қауіп көреді. Ал Иран болса бағдарламасы тек бейбіт мақсатты көздейтінін алға тартқан.

Иран басшылығы шабуылға Израиль ғана емес, өңірдегі АҚШ күштері де жауап беретін болады деп тағы да мәлімдеді. Вашингтон бұл шабуылға қатысы жоғын айтқанымен, Тегеран бәрібір оны айыпты санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG