Accessibility links

Израильдің Иранға шабуылы Тегеранның ядролық бағдарламасын үдетуі мүмкін


Израильдің Иранға әуе шабуылынан бүлінген көпқабатты тұрғын үйдің қасында тұрған өрт сөндіруші. Тегеран, 13 маусым, 2025 жыл.
Израильдің Иранға әуе шабуылынан бүлінген көпқабатты тұрғын үйдің қасында тұрған өрт сөндіруші. Тегеран, 13 маусым, 2025 жыл.

Израильдің кең көлемді әуе шабуылы Иранның әскери басшылығын қапыда қалдырған сыңайлы. Алайда шабуылдың басты мақсаты – Тегеранның ядролық бағдарламасын жою – орындалды ма, жоқ па, ол жағы әзірге белгісіз. Израиль Тегеран ядролық қаруға ие болуға шақ тұр дейді. Иран болса бағдарламасы тек бейбіт мақсатты көздейтінін алға тартып отыр.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен басқа да ресми тұлғалар Иран уран байыту және ядролық қару жасау талпынысын едәуір жеделдеткенін, енді бірнеше айда немесе тіпті бірнеше күнде ядролық бомба жасай алатын қабілетке ие болуы мүмкін деп мәлімдеді.

Израиль "Қайратты арыстан" деп атаған бұл әскери операция Иранның негізгі ядролық инфрақұрылымын – оның ішінде Нетенздегі уран байыту орталығын – және Тегеран мен оның маңындағы әскери нысандарды нысанаға алды.

Израильдің әскери ұшақтары сондай-ақ Иранның зымыран шығаратын зауыттары мен ядролық бағдарламаға қатысы бар ғалымдар мен жоғары шенді әскери тұлғалар тұруы мүмкін делінген тұрғын үйлерге шабуылдады. Қаза тапқандар арасында Ислам революциясы сақшылар корпусының (ИРСК) қолбасшысы Хусейн Салами бар деген де хабар тарады, кейінірек ИРСК бұл деректі растады.

Израиль ресмилерінің айтуынша, операция Иранның ядролық мүмкіндіктерін де, баллистикалық зымыран қорын пайдалана отырып шабуыл жасау әлеуетін де әлсірету мақсатын көздеген. Израиль Иранның баллистикалық зымырандарын Тегеранның ядролық қаруға ие болу мүмкіндігінен кейінгі екінші ең үлкен қауіп көреді.

"Нетаньяху Таяу Шығыста жаңа дәуірді – Израиль мен Иран арасындағы ядролық соғыс кезеңін бастады," – деп жазды Израильдің Ұлттық қауіпсіздік кеңесі төрағасының бұрынғы орынбасары Эран Этцион X әлеуметтік желісінде.

"Бұл соғыстың ресми мақсаты – Иранның ядролық бағдарламасын ауыздықтау болғанымен, шын мәнінде Иран режимінің түп-тірегі нысанаға алынғандай болып көрінеді".

Барын бәйгеге тіккен қауіпті қадам

Қауіпсіздік саласы бойынша сарапшылар бұл операцияны алдын ала жасалған, қауіп-қатері зор қадам ретінде бағалап отыр. Израиль өз болмысына қатер төндіреді деп есептейтін қауіптің алдын алуға тырысқанымен, бұл әрекет аймаққа тарайтын соғыстың тұтануына, дипломатиялық үрдістің күйреуіне және тіпті Иранның ядролық бағдарламасын үдетуге себеп болуы мүмкін дейді олар.

Тель-Авивтегі Ұлттық қауіпсіздік зерттеулері институтының аға ғылыми қызметкері Дэнни Цитринонович 13 маусымда Израиль күштерінің Иранның әуе шабуылына қарсы қорғанысын бұзып, жоғары шенді қолбасшыларын жойғаны Иранның беделіне елеулі соққы болып тигенін айтты.

Алайда ол бұл шабуыл Иранның ядролық бағдарламасына "шектеулі" ғана әсер етті деп есептейді, өйткені негізгі нысандар, соның ішінде берік қорғалған әрі жерастында орналасқан Фордоу уран байыту кешені де зардап шекпеген.

"Бұл – ұзақ науқанның бастапқы кезеңі ғана," – деп жазды Цитринонович X әлеуметтік желісінде. – Израиль ресурстарының бір бөлігін алда болуы ықтимал шиеленістерге сақтап отырған сияқты."

Иранның ендігі әрекеті қандай болмақ?

Израильдің осы шабуылынан соң, 15 маусымға жоспарланған Иран мен АҚШ арасындағы ядролық келіссөздердің алтыншы кезеңі өтпейтін сыңайлы. Дипломатиялық талпыныстар тығырыққа тірелгендіктен, Израильдің шабуылына Иранның кез келген қарымта әрекеті жағдайды одан әрі ушықтыруы мүмкін.

Израиль жұма күні Иранның шабуылға қарымта ретінде 100-ге жуық "Шахед" дронын ұшырғанын, олардың басым көпшілігін Израиль өз әуе кеңістігіне жеткізбей атып түсіргенін хабарлады.

Иран басшылығы шабуылға Израиль ғана емес, өңірдегі АҚШ күштері де жауап беретін болады деп тағы да мәлімдеді. Вашингтон бұл шабуылға қатысы жоғын айтқанымен, Тегеран бәрібір оны айыпты санауы мүмкін.

Егер Иран АҚШ әскери базаларын нысанаға алатын болса, бұл Вашингтонды кең ауқымды қақтығысқа тартуы ғажап емес.

АҚШ барлау қызметінің мәліметінше, Иранның қару-жарақ қорында 2000-ға жуық зымыран бар, олардың көбі 900 келіден асатын жарылғыш затты нысанаға жеткізе алады. Бұған қоса Иран ай сайын 50-ге жуық баллистикалық зымыран шығарады. Израильдің шабуылы Иранның қару-жарақ қуатын қаншалықты әлсірете алды, ол жағы әзірге белгісіз.

Иранның аймақтағы одақтастары, ұзақ уақыт бойы оның әскери көмегіне сүйеніп келген топтар қазір әлсіреген. Газа соғысы АҚШ пен Еуропа одағы террористік ұйым деп таныған ХАМАС тобын күйретті, ал Ливандағы "Хезболла" тобы Израильмен жақында болған қақтығыстан кейін әлі ес жия алмай отыр. Қазір Тегеранның әскери тұрғыда ең қауқарлы одақтасы – Йемендегі хуситтер ғана қалды.

Сонымен қатар, Иран жаһандық ядролық қару бақылауының негізі саналатын Ядролық қаруды таратпау туралы шарттан (ЯҚТШ) шығу мүмкіндігін қарастыруы да мүмкін.

АҚШ барлау қызметі Иран қазіргі уақытта ядролық қару жасаумен белсенді айналысып жатқан жоқ деп санағанымен, Тегеран Израильдің шабуылын ЯҚТШ-дан шығуға және жойқын қару жасауға кірісуге сылтау етіп пайдалануы ықтимал.

"Нетаньяху үкіметі дәл қазір Иран режимінің ядролық қару иемденуге деген ұмтылысын ел ішінде де, халықаралық деңгейде де легитимді етіп қойған болуы мүмкін," – деп ескертті Этцион.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG