“Росатом” Қазақстанда алғашқы АЭС салатын халықаралық консорциумның көшбасшысы болып танылды

Атом электр станциясы. Көрнекі сурет.

“Росатом” Қазақстанда алғашқы АЭС салатын халықаралық консорциумның көшбасшысы болып танылды.

Ведомствоаралық комиссия ресейлік компанияның ұсынысын ең оңтайлы деп таныған.

Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, әлеуетті вендорлардың қысқа тізіміне «Росатом» (Ресей), China National Nuclear Corporation (Қытай), «Électricité de France» (Франция) және «Korea Hydro & Nuclear Power» (Оңтүстік Корея) енген. Аталған компаниялар АЭС салу бойынша техникалық және коммерциялық ұсыныстардан тұратын материалдардың кешенді пакетін ұсынған. Атап айтқанда, құрылыстың құны, жобаны жүзеге асыру мерзімі, қаржы тарту моделі, жабдықтар мен құрылыс жұмыстарын локализациялау тәсілдері және тағы басқа.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АЭС-ті "Росатом" салса не болады? Беларусь мысалы

"Осы талдаудың нәтижелері атом саласын дамыту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қарауына ұсынылды және Қазақстанда АЭС салу бойынша ең оңтайлы әрі тиімді ұсыныстар ресейлік «Росатом» компаниясынан келгені анықталды. Екінші орынға қытайлық «China National Nuclear Corporation» жайғасса, француздық «Électricité de France» пен кореялық «Korea Hydro & Nuclear Power» ұсыныстары үшінші орынды иеленді" деп жазылған хабарламада.

Қазіргі кезде «Росатом» ұсынған ұсыныстар негізінде "Ресей тарапынан мемлекеттік экспорттық қаржыландыру тарту мәселесі пысықталып жатыр”.

Агенттік хабарламада Қазақстанда алғашқы атом электр станциясын салу жөніндегі халықаралық консорциумды жасақтау бойынша шетел әріптестермен жұмыс жалғасады деп айтты.

Қазақстанда АЭС салу туралы жалпыхалықтық референдум былтыр 6 қазанда өтті. Байқаушылар референдумға дауыс беру кезінде заң талаптарын бұзу фактілері тіркелгенін, мысалы, референдум бюллетеньдерін дауыс беру жәшігіне топтап тастау секілді жайттар анықталғанын хабарлаған.

Орталық референдум комиссиясының ресми қорытындысына сай, дауыс берген азаматтардың 71 пайызы Қазақстанда АЭС салуды қолдаған. Президент Тоқаев АЭС-ті халықаралық консорциум салуы керек деп мәлімдеген.

Экологтардың көбі елде АЭС салуға қарсы. Олар атом электр станциясын салуға қолайлы орын деп айтылып жүрген аймақтағы Балқаш көліне АЭС кері әсер етеді деп есептейді. АЭС салуды жақтаушылар негізінен энергия тапшылығын алға тартады. Қоғам белсенділері мен саясаттанушылар АЭС-ті Ресей салатын болса, Қазақстан оған энергия жағынан тәуелді болып қалады деп алаңдайды.