Қырғызстан президенті Садыр Жапаров парламент пен президент сайлау туралы конституциялық заңға енгізілген түзетулерге қол қойды.
Заңға енгізілген негізгі жаңалық – елде 30 көпмандатты аумақтық сайлау округі құрылып, олардың әрбірінен Жогорку Кеңешке 3 депутат сайланады. Осылайша, парламенттегі депутат саны бұрынғы қалпында қалады, тек депутат сайлау тәртібі өзгереді. Саяси партиялар әр округтен депутаттыққа бір кандидаттан ұсына алады, сондай-ақ өзін-өзі ұсынатындар да сайлауға үміткер ретінде қатыса алады.
Бұған қоса, егер сайланған депутат өз өкілеттігінен айырылса, онда қайта сайлау өткізілмейді – бос мандат осы округте өткен сайлау кезінде жаңағы депутаттан кейін ең көп дауыс алған келесі кандидатқа беріледі.
Заңда сайлау өткізу кезінде қашықтан, электронды дауыс беру мүмкіндігі де қарастырылған. Құжатқа сәйкес, электронды дауыс беруді өткізу туралы шешім сайлау тағайындалған кезде қабылданады.
Сайлау туралы заңның жаңа редакциясында парламенттегі орындардың кемінде 30% әйелдер иеленуге құқылы деп бекітілді. Яғни, әрбір сайлау округінен кемінде бір әйел депутат сайлануға тиіс. Егер әйел депутаттың өкілеттігі тоқтатылса, оның мандаты сол округтен ұсынылған келесі әйел кандидатқа беріледі.
Қазіргі шақырылымдағы Жогорку Кеңеш сайлауы 2021 жылғы 28 қарашада өтті. Ол кезде қолданыста болған жүйеге сәйкес, 54 депутат біртұтас сайлау округі бойынша пропорционал жүйемен, ал 36 депутат жекелеген бірмандатты округтерден мажоритар жүйе бойынша сайланған еді.