31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Елдің түрлі өңірінде ресми шаралар өтіп жатыр. Кейбір аймақта белсенділердің де акциялары жоспарланған.
Ақорданың хабарлауынша, сенбі күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысындағы АЛЖИР саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының мемориалды-мұражай кешеніне барып, гүл шоғын қойды.
Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу шарасы кезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев “тарихты саясаттың қолшоқпары етпеуге” үндеп, "өткенге жалтақтамауға" шақырды.
“Қандай ауыр болса да, өткен күндердің қасіреті еліміздің дамуына, өсіп-өркендеуіне кедергі болмауға тиіс. Бүгінгі ахуалға өткеннің өлшемімен қарап, үнемі кешегі күнмен өмір сүруге болмайды. Тарихқа барынша кең ауқымда қараған жөн. Біз тағдырдан теперіш көрдік деген ойдан арылуымыз қажет. Өткенге жалтақтау – әлсіздіктің белгісі” деді ол.
Ол өз сөзінде Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмысына тоқталып, “саяси қуғынға ұшыраған 300 мыңнан астам азамат ақталғанын”, “2,5 млн-нан астам материалдың құпия белгісі алынып тасталғанын” айтты. Комиссия зерттеген құжаттар негізінде 72 томдық жинақ дайындалған.
Осы комиссияның жетекшісі, тарихшы Мәмбет Қойгелді былтыр Азаттыққа берген сұхбатында жаңа мәліметтерді оқу процесіне кіргізу өте қиын екенін айтқан еді. Оның сөзінше, Ресей архивтерінде әлі де қол жетпеген материалдар бар. Әсіресе, отарлауға қатысты құжаттар мүлде алынбаған. "Архив түгенделсе, қазақтардың отарлаудан шеккен зардабы үшін Ресей кешірім сұрауы мүмкін бе?" деген сұраққа тарихшы "бұл мүмкін емес, ол үшін билікке демократтар келуі керек" деп айтқан.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі республикалық комиссия Қазақстан президентінің жарлығымен 2020 жылғы қарашада құрылған. Оның құрамында 425 ғалым мен зерттеуші бар, оның ішінде 260 маман әр өңірде құрылған аймақтық комиссияда еңбек еткен.
Қазақстанда Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні 1997 жылдан бастап атап өтіледі. "Үлкен террор" жылдары ұжымдастыру, аштық кезінде екі миллионға жуық қазақ қаза тапты. Тарихшылардың есебінше, 1921-1954 жылдары 100 мыңдай адам "халық жауы" деп танылып, сотталған. Олардың ішінде 25 мың адам атылған. Саяси құрбандар кейін ақталды.
Кейінгі кезде Ресей репрессия жайлы тарихи фактілер жайлы айтуды шектеп, Сталинге ескерткіштер орната бастаған. Ресейдің Украинаға басқыншылық соғысынан кейін Сталинді ақтау саясаты күшейген.
Кей сарапшылар Ресейге жалтақтаған Қазақстанда саяси қуғын-сүргін тақырыбы елде барған сайын жабық тақырыпқа айналып барады деп санайды. Елде 31 мамыр күні митинг өткізбек болған белсенділердің өтініштері мақұлданбады. Осы күн қарсаңында кей өңірлерде белсенділер ұсталған. Адам құқығын қорғау бюросының мәліметінше, оннан астам белсенді қамалған.
Сенбі күні Алматыда Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш маңында полиция қарасы көбейген. Бұл жөнінде "Тіл кеспек жоқ" телеграм-арнасы хабарлады. Арнаның айтуынша, қаланың жаңа әкімі Дархан Сатыбалды қатысқан ресми шара ерте өтіп кеткен. Арнаның жазуынша, бұл маңға ара-тұра адамдар жиналып, құрбандарды еске алып, кейбірі саяси қудалау бүгін де жалғасып жатқанын айтып сынаған.
Ресми Астана елде саяси қудалау барын мойындамай келеді.